Мазмұнға өту
Боралдай кентінің емханасы · МӘМС және ТМККК Боралдай кенті, Бостанов көшесі, 1 үй +7 (727) 387-66-68 +7 (727) 387-85-47
RU KK
Кері қоңырау

Этикалық кодекс

«Daulet medical center» ЖШС медициналық орталығы медицина қызметкерінің этикалық кодексі

Денсаулық сақтау қызметкерінің этикалық кодексі (бұдан әрі - Кодекс) медициналық және әлеуметтік қызметкердің (бұдан әрі - денсаулық сақтау қызметкерлері) кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыру кезіндегі мінез-құлқының этикалық нормалары мен қағидаттарының жиынтығын айқындайтын құжат болып табылады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 31-тарауы, 184-бабы негізінде әзірленген.

Осы Кодекс денсаулық сақтау қызметкерлері, қоғам және пациент арасындағы қарым-қатынасты айқындайды, жеке адамның және тұтастай қоғамның құқықтарын, қадір-қасиетін, денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерінің өз қызметі үшін қоғам алдындағы жоғары моральдық жауапкершілігін айқындайды.

I БӨЛІМ. Жалпы ережелер

Денсаулық сақтау қызметкерлерінің этикалық кодексі медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің өз қызметі үшін азаматтар мен тұтастай қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін айқындайды.

Денсаулық сақтау қызметкерлері өз қызметінде мынадай моральдық және этикалық қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс:

  • осы Кодексті және Ар-намыс кодексін басшылыққа алу;
  • Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын нығайтуға ықпал ету;
  • шешімдерді тек пациенттің мүддесінде қабылдау;
  • Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерінің жоғары атағын абыройсыздандыруы мүмкін әрекеттер жасауға жол бермеу;
  • қызметтік міндеттерін адал және сапалы орындау;
  • кәсіби білімін үздіксіз жетілдіру;
  • жеке пайда көзделген ойлармен профилактика мен емдеу әдістері мен құралдарын жарнамалауға және пайдалануға жол бермеу;
  • еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтау;
  • денсаулық сақтау ұйымдарының мүлкіне ұқыпты қарау және оны тиімді пайдалану;
  • сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру;
  • қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермеу;
  • жеке үлгі көрсету арқылы ұжымда тұрақты әрі жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал ету;
  • басқа медициналық және фармацевтикалық қызметкерлер тарапынан Ар-намыс кодексі нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеу және оларды тоқтату;
  • қызметтік міндеттерін орындау кезеңінде белгіленген киім нысанын сақтау.

Пациенттермен қарым-қатынаста денсаулық сақтау қызметкерлері:

  • жасына, жынысына, ұлтына, дініне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
  • медициналық көмекті оған мұқтаж әрбір адамға көрсетуге;
  • адам өмірін сақтау борышын үнемі есте ұстауға;
  • азаматтардың мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етуге;
  • пациенттерге қатысты қаржылық және өзге де қорқытып алушылық фактілеріне жол бермеуге, әріптестері тарапынан мұндай әрекеттердің жолын кесуге күш салуға;
  • өз әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп болмауға, сынға төзімділікпен қарауға, кемшіліктерді жою және кәсіби қызметін жақсарту үшін сындарлы сынды пайдалануға тиіс.

Әріптестерімен қарым-қатынаста денсаулық сақтау қызметкерлері:

  • жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, сыпайы және әдепті болуға;
  • пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріне пайдакүнемдіксіз көмек көрсетуден бас тартпауға және өзі де олардан кеңес сұрауға;
  • басқа медициналық және фармацевтикалық қызметкердің кәсіби біліктілігіне жария түрде күмән келтірмеуге;
  • қазақстандық медицинаның дәстүрлері мен жетістіктерін еселеуге тиіс.

Денсаулық сақтау қызметкері өзінің біліктілігі мен құзыретіне сәйкес азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне, өзі көрсететін көмектің сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз етуге барлық күшін салуға тиіс.

Денсаулық сақтау қызметкері жынысына, жасына, нәсілдік және ұлттық тиесілігіне, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, діни және саяси нанымдарына, сондай-ақ өзге де медициналық емес факторларға қарамастан кез келген адамға медициналық көмек көрсетуге міндетті.

Денсаулық сақтау қызметкері өзінің біліктілігіне, лауазымдық нұсқаулықтары мен қызметтік міндеттеріне сәйкес қолда бар ресурстар шегінде сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін жауапты, оның ішінде моральдық жауапты болады.

Денсаулық сақтау қызметкерінің моральдық міндеті - медициналық қоғамдастық қатарының тазалығын сақтау, әріптестерінің де, өзінің де қателіктерін бейтарап талдау. Пациенттердің денсаулығына зиян келтіретін арсыз және біліксіз әріптестердің, сондай-ақ түрлі кәсіби емес адамдардың тәжірибесіне жол бермеу.

Медициналық және әлеуметтік қызметкердің қоғамдағы рөлін ескере отырып, ол қоғамдық іс-шараларды, әсіресе салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шараларды қолдап, оларға шамасы келгенше қатысуға тиіс.

II БӨЛІМ. Денсаулық сақтау қызметкерінің жол берілмейтін әрекеттері.

Денсаулық сақтау қызметкерінің білімі мен лауазымын теріс пайдалануы оның кәсіби қызметімен үйлеспейді.

Денсаулық сақтау қызметкерінің:

  • өз білімі мен мүмкіндіктерін адамгершілікке жатпайтын мақсаттарда пайдалануға;
  • жеткілікті негіздерсіз медициналық шараларды қолдануға немесе олардан бас тартуға;
  • пациентті жазалау мақсатында, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесінде оған медициналық әсер ету әдістерін қолдануға;
  • пациентке өзінің философиялық, діни және саяси көзқарастарын таңуға;
  • пациентке қасақана да, абайсызда да физикалық, моральдық немесе материалдық зиян келтіруге және мұндай зиян келтіретін үшінші тұлғалардың әрекеттеріне немқұрайды қарауға құқығы жоқ.

Денсаулық сақтау қызметкерінің жеке алалаушылығы және өзге де кәсіби емес уәждері диагностика мен емдеуге әсер етпеуге тиіс.

Пациенттің ұсынылған ақылы медициналық қызметтерден бас тартуы оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің нашарлауына, түрлері мен көлемінің азаюына себеп бола алмайды.

Пациенттерден және пациенттерге сыйлықтар берілуі аса қалаусыз, өйткені сыйлық бермейтін және алмайтын пациенттерде оларға аз қамқорлық көрсетіледі деген әсер қалдыруы мүмкін. Сыйлықтар қызметтер үшін айырбасқа берілмеуге немесе қабылданбауға тиіс. Қолма-қол ақша немесе бағалы сыйлықтар түрінде сыйлықтар алуға тыйым салынады.

Денсаулық сақтау қызметкерінің өз лауазымын, пациенттің эмоционалдық жағдайын пайдаланып, онымен мүліктік мәмілелер жасауға, оның еңбегін жеке мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ қорқытып алушылықпен және пара алушылықпен айналысуға құқығы жоқ.

Денсаулық сақтау қызметкері пациентке ем курсын тағайындау кезінде пайдаланылатын дәрілік препараттар, медициналық бұйымдар туралы дұрыс емес, толық емес немесе бұрмаланған ақпарат беруге, оның ішінде пациенттен бағасы төменірек дәрілік препараттар, медициналық бұйымдардың бар екені туралы ақпаратты жасыруға құқылы емес.

Денсаулық сақтау қызметкері дәрілік препараттарды өндіруші және таратушы фирмалардан олар ұсынатын дәрілерді тағайындағаны үшін көтермелеу қабылдамауға, медициналық ұйымның аумағында компания логотипі немесе дәрілік препараттың, медициналық бұйымның саудалық атауы бар заттарды пайдаланбауға тиіс.

Лауазымдық міндеттерін орындау кезінде медицина қызметкері сергек болуға және өзіне тұрақты құмарлық тудыратын қандай да бір заттардың әсерінде болмауға тиіс.

Кәсіби тәуелсіздік.

Денсаулық сақтау қызметкерінің құқығы мен борышы - өзінің кәсіби тәуелсіздігін сақтау. Жаңа туған нәрестелер мен қарттарға, мүгедектерге, әскери қызметшілер мен азаматтық адамдарға, жоғары лауазымды басшылар мен күзетпен ұсталатын адамдарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсете отырып, денсаулық сақтау қызметкері кәсіби шешім үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады, сондықтан әкімшілік, пациенттер немесе өзге де адамдар тарапынан қысым көрсетудің кез келген әрекетін қабылдамауға міндетті.

Денсаулық сақтау қызметкері кез келген жеке немесе заңды тұлға одан Қазақстан Республикасының заңнамасына, этикалық қағидаттарға, кәсіби борышқа қайшы келетін әрекеттерді талап етсе, онымен ынтымақтастықтан бас тартуға тиіс.

Сараптамаларға, консилиумдарға, комиссияларға, консультацияларға және т.б. қатыса отырып, денсаулық сақтау қызметкері өз ұстанымын анық әрі ашық мәлімдеуге, өз көзқарасын қорғауға, ал оған қысым көрсетілген жағдайларда құқықтық және қоғамдық қорғауға жүгінуге міндетті.

III БӨЛІМ. Денсаулық сақтау қызметкері мен пациенттің өзара қарым-қатынасы.

Пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу.

Денсаулық сақтау қызметкері пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, оған және оның жақындарына ыждағатты әрі шыдамды қарауға тиіс.

Денсаулық сақтау қызметкері тарапынан пациентке дөрекі және адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынас жасауға, оның адамдық қадір-қасиетін қорлауға, сондай-ақ кез келген артықшылық көрсетуге немесе пациенттердің біріне ерекше ықылас не жақтырмаушылық білдіруге жол берілмейді.

Медициналық және әлеуметтік көмек көрсету шарттары.

Денсаулық сақтау қызметкері медициналық және әлеуметтік көмекті пациенттің бостандығы мен қадір-қасиетін барынша аз шектейтін жағдайларда көрсетуге тиіс.

Мүдделер қақтығысы.

Пациент-қоғам, пациент-отбасы және т.б. мүдделер қақтығысы туындаған кезде денсаулық сақтау қызметкері, егер оларды іске асыру пациенттің өзіне немесе айналасындағыларға тікелей зиян келтірмесе, пациенттің мүдделеріне басымдық беруге тиіс.

Медициналық құпия.

Пациент денсаулық сақтау қызметкерінің барлық медициналық және өзіне сеніп тапсырылған жеке ақпаратты құпия сақтайтынына сенуге құқылы. Денсаулық сақтау қызметкері пациенттің немесе оның заңды өкілінің рұқсатынсыз тексеру және емдеу барысында алынған мәліметтерді, оның ішінде медициналық көмекке жүгіну фактісінің өзін жария етуге құқылы емес. Денсаулық сақтау қызметкері медициналық құпияның жария болуына жол бермейтін шаралар қабылдауға тиіс. Пациенттің қайтыс болуы медициналық құпияны сақтау міндетінен босатпайды. Медициналық құпияны жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жол беріледі.

Өлім аузындағы пациентке моральдық қолдау көрсету.

Денсаулық сақтау қызметкері қол жетімді және заңды барлық тәсілдермен өліп бара жатқан адамның азабын жеңілдетуге міндетті. Денсаулық сақтау қызметкері пациенттің қалауы бойынша кез келген діни конфессия қызметшісінің рухани қолдауын пайдалану құқығына кепілдік беруге міндетті.

Денсаулық сақтау қызметкерін таңдау.

Денсаулық сақтау қызметкері әрі қарайғы емделуін немесе патронажын басқа маманға сеніп тапсыруды шешкен пациентке кедергі келтіруге құқылы емес.

Денсаулық сақтау қызметкері мынадай жағдайларда пациентті басқа маманға жібере отырып, онымен жұмыс істеуден бас тарта алады:

  • егер өзін жеткілікті құзыретті сезінбесе, тиісті көмек түрін көрсету үшін қажетті техникалық мүмкіндіктері болмаса;
  • медициналық және әлеуметтік көмектің осы түрі маманның адамгершілік қағидаттарына қайшы келсе;
  • емдеу және тексеру жоспары бойынша пациентпен немесе оның туыстарымен қайшылықтар болса.

IV БӨЛІМ. Медицина қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы.

Әріптестер арасындағы өзара қарым-қатынас.

Денсаулық сақтау қызметкерлері арасындағы өзара қарым-қатынас өзара құрмет пен сенімге құрылып, пациенттің мүдделерін сақтаумен ерекшеленуге тиіс.

Әріптестерімен қарым-қатынаста денсаулық сақтау қызметкері адал, әділ, қайырымды, инабатты болуға, олардың білімі мен тәжірибесіне құрметпен қарауға, сондай-ақ өз тәжірибесі мен білімін оларға пайдакүнемдіксіз беруге дайын болуға тиіс.

Басқа қызметкерлерге басшылық етудің моральдық құқығы жоғары кәсіби құзыретті және жоғары адамгершілікті талап етеді.

Әріптеске айтылған сын дәлелді әрі қорламайтын болуға тиіс. Әріптестердің жеке басы емес, кәсіби әрекеттері сынға алынады. Әріптестерді абыройсыздандыру арқылы өз беделін нығайтуға тырысуға жол берілмейді. Денсаулық сақтау қызметкерінің пациенттер мен олардың туыстарының көзінше әріптестері мен олардың жұмысы туралы жағымсыз пікір айтуға құқығы жоқ.

Медициналық мейіргер дәрігер тағайындаған медициналық манипуляцияларды дәл әрі білікті орындауға міндетті. Медициналық мейіргердің жоғары кәсібилігі - мейіргер мен дәрігердің жолдастық, әріптестік қарым-қатынасының аса маңызды моральдық факторы. Кәсіби міндеттерін атқару кезінде дәрігер мен мейіргердің тым жақын, қызметтік емес қарым-қатынасын медициналық этика айыптайды. Егер медициналық мейіргер дәрігердің емдік ұсынымдарының орындылығына күмәнданса, ол бұл жағдайды алдымен дәрігердің өзімен әдеппен талқылауға, ал күмән сақталса, одан кейін жоғары тұрған басшылықпен талқылауға тиіс.

V БӨЛІМ. Этикалық кодекстің қолданылу шегі, оны бұзғаны үшін жауапкершілік, оны қайта қарау тәртібі.

Этикалық кодекстің қолданылуы.

Осы кодекс «Daulet medical center» медициналық орталығы шегінде қолданылады және қызметкерлер үшін міндетті күші бар.

Ұйым қызметкерінің жауапкершілігі.

Кәсіби әдепті бұзғаны үшін жауапкершілік дәрежесін медициналық көмек сапасын басқару қызметінің комиссиясы және тәртіптік комиссия айқындайды.

Егер этикалық нормаларды бұзу бір мезгілде құқықтық нормаларды да қозғаса, қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

Этикалық кодексті қайта қарау және түсіндіру.

Осы Кодекстің жекелеген ережелерін қайта қарауды және түсіндіруді кәсіподақ қызметкерлерінің ұсыныстарын ескере отырып, медициналық көмек сапасын басқару қызметінің комиссиясы жүзеге асырады.

Қоңырау шалу Қалай жетуге болады

Кері қоңырау

Жұмыс уақытында хабарласамыз Дс-Жм: 8:00-ден 17:00-ге дейін